Лас аймақта В сыныбының медициналық қалдықтарын жинауға арналған таңбаланған контейнер (пайдаланылған ЖҚҚ-ны жинауға арналған), қол жууға арналған раковина және қолды өңдеуге арналған антисептиктер болады.
ЖҚҚ-ны кию ЖҚҚ пайдалануды бақылау жөніндегі жауапты адамның қатысуымен жүргізіледі. Медицина қызметкері науқастың палатасына кіргеннен кейін жауапты адам таза аймақта күту керек. Егер жауапты адам болмаған жағдайда қызметкер көзбен шолып бақылауды жүзеге асыра отырып, айна алдында киінеді.
ЖҚҚ пайдалануды бақылау жөніндегі жауапты адам - бұл ЖҚҚ-ны кию/шешу техникасына және биологиялық қауіпсіздік шараларына оқытылған медицина қызметкері. Ол ЖҚҚ-ны кию және шешу кезінде көзбен шолып бақылауды жүзеге асырады.
1. № 1 қорғаныш деңгейі.
ЖҚҚ-ны кию
ЖҚҚ-ны кию алдында қолды сабынмен жуып, спирттің негізіндегі антисептикпен өңдеу қажет.
1) Бас киімнің астына шашты салып, оны киіңіз.
2) Арқасында байламдары бар тоқылмаған материалдан бір рет қолданылатын халатты киіңіз. Халат денені мойыннан тізеге дейін, қолдарын білек ұшына дейін толық жабады және арқасында байланады. Мойны мен белінде түймеленеді немесе байланады.
3) Жауапты адам халаттың арқа мен белді толық жабуын бақылайды.
4) Егер сіз оптикалық көзілдірік киген болсаңыз, оны респиратор кигенше шешіңіз. Көзілдірік линзаларын спиртті салфеткамен сүртіңіз. Респираторды киіңіз және оның бетке тығыз жанасуына көз жеткізіңіз. Респиратор пайдаланылатын бет қалқаншасына сәйкес келуі тиіс. Респиратордың жанасуын қамтамасыз ету үшін екі саусақпен мұрын клипсін қысыңыз. Респиратордың жанасуын тексеру үшін бірнеше дем шығарыңыз. Көзілдіріктің имек тұтқасын респиратордың байланымының артына салып, оптикалық көзілдірікті киіңіз. Жауапты адам респиратор байламдарының желкеде орналасуының дұрыстығын тексереді.
5) Қолайлы өлшемдегі стерильді емес нитрил/латекс қолғаптарын киіңіз. Қолғап жеңдердің манжеттерін жабатынына көз жеткізіңіз. Палатаға кіреберісте жауапты адам соңғы тексеруді жүргізеді.
• Қолыңызды беттен алыс ұстаңыз
• Өзіңіз ұстайтын беттердің санын шектеңіз
• Егер олар бүлінген немесе қатты ластанған болса, қолғапты ауыстырыңыз
• Қол гигиенасы қағидаларын сақтаңыз.
ЖҚҚ-ның бүтіндігі бұзылған жағдайда, ол құсық массаларымен немесе науқастың басқа бөлінділерімен ластанған жағдайда палатадан кетіңіз.
ЖҚҚ-ны шешу
Медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешуге арналған аймаққа шығады.
1) Ластанған беттерді ұстамай қолғапты шешеді, қолғапты медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салады.
• Қолғаптың сыртқы жағы ластанған!
• Егер қолдарыңыз қолғап шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирттің негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Қолғаптағы қолыңызды пайдаланып, басқа қолғаптың алақан тұсын ұстап, бірінші қолғапты тартыңыз.
• Шешілген қолғапты қолғаптағы қолыңызда ұстаңыз.
• Қолғапсыз қолыңыздың саусақтарымен екінші қолыңыздың білек тұсынан ұстап, екінші қолғапты бірінші қолғаптың үстінен тартыңыз.
2) Қолды спирттің негізіндегі антисептикпен өңдеңіз.
3) Халаттың байлауын үзіп, халатты ластанған жағымен ішке қарай бұрап шешіңіз.
• Халаттың алдыңғы бөлігі мен жеңдері ластанған!
• Егер сіздің қолыңыз халатты шешу кезінде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Байлауды шешу кезінде жеңдердің денеңізге тимеуін қадағалай отырып, халат байламдарын шешіңіз.
• Халаттың тек қана ішкі жағын ұстап, халатты мойын мен иықтан сыртқа тартыңыз.
• Халаттың сыртын айналдырыңыз.
• Халатты жинаңыз немесе түйіндеп байлаңыз және медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз.
4) Қолыңызды спирт негізіндегі антисептикпен өңдеңіз.
5) Медициналық масканы немесе респираторды шешіңіз.
• Медициналық масканың/респиратордың алдыңғы бөлігі ластанған - ҰСТАМАҢЫЗ!
• Егер сіздің қолыңыз медициналық масканы/респираторды шешу кезінде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Медициналық масканың/респиратордың төменгі байламдарын немесе иілгіш ленталарын, содан кейін жоғарғы байламдарын ұстап, алдыңғы жағына тимей шешіңіз.
• Медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз.
6) Қолыңызды спирт негізіндегі антисептикпен өңдеңіз.
7) Бас киімді шешіп, медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз.
8) Барлық ЖҚҚ-ны шешкеннен кейін қолыңызды жуып, спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз.
Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды.
2. № 2 қорғаныш деңгейі.
ЖҚҚ-ны кию
1) Қолды сабынмен жуып, спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз.
2) Бас киімнің астына шашты салып, оны киіңіз.
3) Респираторды киіңіз (N95 немесе FFP2). Екі саусақпен мұрынға респиратор клипсін басыңыз. Бірнеше дем шығарып, респиратордың тығыз орналасқанына көз жеткізіңіз. Егер сіз оптикалық көзілдірікті киген болсаңыз, оларды респиратор кигенше шешіңіз, көзілдірік линзаларын спирттік салфеткамен сүртіңіз.
4) Қорғаныш көзілдірігін немесе қорғаныш қалқаншасын киіңіз, оларды реттеңіз. Егер бет қалқаншасы болмаса, қорғаныш көзілдірігін оптикалық көзілдіріктің үстінен киеді.
5) Арқасында байламы бар мата емес материалдан тігілген халатты пайдаланған кезде. Халат денені мойыннан тізеге дейін, қолды білектің ұшына дейін толығымен жабады және артқы жағына байланады. Мойын мен белге бекітіледі немесе байланады.
6) Комбинезонды пайдаланған кезде. Тоқылмаған материалдан жасалған капюшоны бар қорғаныш комбинезонын ашыңыз. Комбинезон сырғытпасын ашып, оны жоғарыға қарай жылжытыңыз. Комбинезонның оң және сол жақтарын тізбектеп киіңіз. Комбинезонның жоғарғы жағын түзеп, жеңін киіңіз. Комбинезонның сырғытпасын иекке дейін сырғытыңыз. Капюшонды киіңіз. Комбинезон сырғытпасын соңына дейін жабыңыз. Комбинезон клапандарының жабысқақ лентасынан қорғаныш пленкасын алып, оларды оған жапсырыңыз, сырғытпасы мен жағасын жабыңыз.
7) Қолайлы мөлшердегі стерильді емес нитрил/латекс қолғаптарын киіңіз. Қолғап жеңдердің манжеттерін жабатындығына көз жеткізіңіз.
8) Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды.
ЖҚҚ-ны шешу
Медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешу үшін лас аймаққа шығады.
1) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен немесе қолды дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа батыру арқылы өңдеңіз.
2) Ластанған бетке тимей, қолғапты шешіңіз, оларды қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз.
• Қолғаптың сыртқы жағы ластанған!
• Егер қолдарыңыз қолғап шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирттің негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Қолғаптағы қолыңызды пайдаланып, басқа қолғаптың алақан тұсын ұстап, бірінші қолғапты тартыңыз.
• Шешілген қолғапты қолғаптағы қолыңызда ұстаңыз.
• Үстіңгі қолғапсыз қолыңыздың саусақтарымен екінші қолыңыздың білек тұсынан ұстап, екінші қолғапты бірінші қолғаптың үстінен тартыңыз.
3) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен немесе қолды дезинфекциялық ерітіндісі бар ыдысқа батыру жолымен өңдеңіз.
4) Комбинезон клапандарының жабысқақ лентасын алып, сырғытпасын шешіңіз. Комбинезонның капюшонын шешіңіз. Комбинезон жеңдерін лас жағымен ішіне қарай айналдырып, комбинезонның жеңдерін шешіңіз. Комбинезонның лас жағын ішіне айналдырып, оны толық шешіңіз және оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. Егер су өткізбейтін бахилаларды пайдалансаңыз, оларды киіммен бірге шешіңіз.
5) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен немесе қолды дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа батыру арқылы өңдеңіз.
6) Егер Сіз тоқылмаған материалдан жасалған, арқасында байламы бар халатты пайдаланған болсаңыз, шешу тәртібі № 1 қорғаныш деңгейінде көрсетілген.
7) Қорғаныш көзілдірігін немесе қорғаныш қалқанын шешіңіз.
• Көзілдіріктің сыртқы жағы немесе қалқан ластанған!
• Егер қолыңыз көзілдірікті немесе қалқаншаны шешу кезінде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Бастағы бауларын немесе көзілдірік тұтқасын көтеріп, көзілдірікті немесе қалқаншаны артқы жағынан бастап шешіңіз.
• Егер қорғаныш көзілдірігі немесе қорғаныш қалқаншасын қайта пайдалануға болатын болса, оны өңдеуге арналған арнайы контейнерге салыңыз. Егер олай болмаса, медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз.
8) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен немесе қолды дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа батыру жолымен өңдеңіз.
9) Респираторды шешіп, оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз.
• Респиратордың алдыңғы бөлігі ластанған - ҰСТАМАҢЫЗ!
• Егер қолдарыңыз респираторды шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Медициналық масканың/респиратордың төменгі жақтағы байламдарын немесе иілгіш ленталарын, содан кейін жоғарғы байламдарын ұстап, алдыңғы жағына тимей алып шешіңіз.
10) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен немесе қолды дезинфекциялық ерітіндісі бар ыдысқа батыру жолымен өңдеңіз.
11) Медициналық бас киімді шешіп, оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз.
12) Барлық ЖҚҚ-ны шешкеннен кейін қолды жуып, қолды спирт негізіндегі антисептикпен өңдейді.
Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды.
Қолыңызды жуыңыз, душ қабылдаңыз, таза киім киіңіз және таза аймаққа шығыңыз.
3. № 3 қорғаныш деңгейі.
Ауаны мәжбүрлеп беретін респираторды пайдалану арнайы даярлықтан өтуді талап етеді.
Әр түрлі өндірушілердің респираторлары бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін, ұйымыңызда қабылданған стандартты операциялық рәсімдерді орындаңыз.
ЖҚҚ-ны кию
1) PAPR батареясының толық зарядталғанына көз жеткізіңіз.
2) қолды сабынмен жуып, оны спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз.
3) мата емес материалдардан тігілген капюшонсыз комбинезонды ашыңыз.
4) комбинезон шалбарынан алмай, етікті киіңіз, содан кейін жоғары тартып комбинезонды киіңіз.
5) қолдың үлкен саусағын комбинезон жеңдерінің манжеті жанындағы саңылауға кигізіңіз. Комбинезон сырғытпасын салыңыз.
6) нитрил/латекс қолғапты комбинезон манжеттерін жабатындай етіп киіңіз.
7) ауа үрлеуіш қозғалтқышы бар белдікті киіңіз.
8) қажет болған жағдайда алжапқыш киіңіз.
9) өндірушінің нұсқаулығына сәйкес батареяны тиісті ұяшыққа салыңыз (егер қолданылса).
10) жауапты адам ауа беру түтігін ауа үрлегішпен қосады. Респиратор шлемін (немесе капюшонды) ауа беру түтігімен жалғаңыз. Ауа ағыны индикаторының жұмысын тексеріңіз.
11) PAPR шлемін (немесе капюшон) киіңіз. Жауапты адам оны ауа беру түтігімен жалғайды.
ЖҚҚ-ны шешу
Медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешу үшін лас аймаққа шығады.
1) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз.
2) Дезинфекциялау ерітіндісіне батырылған кілемшеге тұрыңыз.
3) Ластанған бетке тимей, қолғапты шешіңіз, оларды қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз.
• Қолғаптың сыртқы жағы ластанған!
• Егер қолдарыңыз қолғап шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирттің негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз.
• Қолғаптағы қолыңызды пайдаланып, басқа қолғаптың алақан тұсын ұстап, бірінші қолғапты тартыңыз.
• Шешілген қолғапты қолғаптағы қолыңызда ұстаңыз.
4) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен өңдеңіз.
5) Комбинезон сырғытпасын шешіңіз. Комбинезонның лас жағын ішіне айналдырып шешіңіз. Оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз.
6) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз.
7) PAPR шлемін (капюшон) ауа беру түтігімен қосылған жерден ұстап тұрып шешіңіз. Шлемді (капюшонды) қолыңызда ұстап тұрып, ауа беретін түтіктен ажыратыңыз. Дезинфекция аймағына өтіңіз
8) Ауа үрлеуіші мен ауа беру түтігімен қосылған белдікті шешіңіз.
9) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. Қолғаптың таза жұбын киіңіз.
10) Қолданыстағы нұсқаулыққа сәйкес PAPR компоненттерін дезинфекциялаңыз.
11) Спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз.
12) Барлық ЖҚҚ-ны шешкеннен кейін қолды жуып, спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдейді.
Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды.
Қолыңызды жуыңыз, душ қабылдаңыз, таза киім киіңіз және таза аймаққа шығыңыз.
Бас мемлекеттік санитариялық
дәрігерінің
2022 жылғы 25 наурыздағы
№ 16 қаулысына
3-қосымша
Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану және кәдеге жарату алгоритмі
І. Медициналық және матадан тігілген маскаларды (бұдан әрі - маскалар) қалай қолдануға болады
1) бір рет қолданылатын маскалар бір рет пайдаланылады;
2) Масканы аузын, мұрнын және иегін жабатындай етіп кию керек. Бұл жағдайда ол тығыз бекітілуі керек. Егер маскада бауы болса, оларды мықтап байлау керек.
3) Маскада арнайы қатпарлар болған кезде оларды ашу керек, ал мұрын аймағында тігілген икемді пластина болған жағдайда, оны бетке неғұрлым толық жанасуды қамтамасыз ету үшін мұрынға мықтап бүгу керек.
4) Масканы қолданған кезде сүзгілеу бетіне қолды тигізбеу керек.
5) Медициналық ұйымдарда және үй карантиніндегі адамдар масканы кемінде 2 сағатта 1 рет ауыстыру керек.
6) Егер маска дымқыл немесе ластанған болса, жаңа таза және құрғақ маска киіңіз. Бір рет қолданылатын маскаларды қайта пайдаланбаңыз.
7) Пайдалану кезінде медициналық масканы ұстамаңыз. Медициналық масканың сүзгіш жағынан ұстамай, резеңкесінен (жібінен) шешу керек. Медициналық масканы шешкеннен кейін бетіңізді ұстамаңыз және қолды бірден жуыңыз. Бұл сіз масканың бетін кездейсоқ ұстаған болсаңыз, вируспен байланысты болдырмауға көмектеседі.
8) Инфекцияның матадан тігілген маскалар арқылы таралуын болдырмау үшін оларды жиі жуып, ұқыпты ұстау керек. Матаның тозуының айқын белгілері болған кезде оны ауыстыру керек.
ІІ. Бір рет қолданылатын жеке қорғаныш құралдарын қалай кәдеге жарату керек
1. Жағдайға, персоналға және қызмет түріне байланысты COVID-19 инфекциясы кезінде ЖҚҚ-ны таңдау, COVID-19 кезінде ЖҚҚ пайдалану алгоритмі осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
2. COVID-19 аурулары бар карантиндік орталықтарда, инфекциялық стационарларда, COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын симптомдары бар науқастар және COVID-19-бен ауыратын науқастармен байланыста болған адамдар пайдаланған ЖҚҚ «В» сыныбының қалдықтары (төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде зарарсыздандырылуға және жойылуға жатады.
3. Карантиндік орталықтарды, инфекциялық стационарларды қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдарында пайдаланылған ЖҚҚ-ны «Б» сыныбының қалдықтары (эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде тастауға жатады. Барлық медициналық ұйымдарда COVID-19-ға күдікті немесе расталған пациент анықталған кезде пайдаланылған ЖҚҚ «В» сыныбының қалдықтары (төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде зарарсыздандыруға және жоюға жатады. Осы мақсатта барлық бөлімшелерде «Б» сыныбының, сондай-ақ «В» сыныбының пакеттері мен ҚЖКЖҚ жеткілікті мөлшерде болуы тиіс.
4. Пайдаланылған ЖҚҚ салынған пакеттер «Б» сыныбының қалдықтары (эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде мамандандырылған кәсіпорындармен шығарылады және кәдеге жаратылады.
5. Қызметкерлері санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды (көшелерді патрульдеу, үй-жайларды және қоғамдық орындарды дезинфекциялау бойынша) жүргізуге тартылған ұйымдар мен объектілерде, оның ішінде полиция қызметкерлері, еріктілер пайдаланған ЖҚҚ жинауға арналған пакеттерді уақытша сақтау үшін арнайы орын бөлінуі тиіс.
6. Тартылатын персоналмен ЖҚҚ-ны қауіпсіз пайдалану бойынша нұсқау, пайдаланылған ЖҚҚ-ны жинауға арналған пакеттерді уақытша сақтау орнымен танысу жүргізіледі.
7. Үй жағдайында пайдаланылған медициналық маскаларды (соның ішінде түшкіргенде және жөтелгенде пайдаланылған сулықтарды) жеке пакетке жинап, оны тығыз және герметикалық жабу керек және содан кейін ғана қоқыс шелегіне лақтыру керек.
Халық пайдаланатын медициналық маскалар «А» сыныбының медициналық қалдықтарына (қауіпті емес медициналық қалдықтар, ҚТҚ сияқты) жатады және полигондарға шығарылады.
8. «Б» және «В» сыныптарының қауіпті медициналық қалдықтарын тасымалдауды, залалсыздандыруды және кәдеге жаратуды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
Бас мемлекеттік санитариялық
дәрігерінің
2022 жылғы 25 наурыздағы
№ 16 қаулысына
4-қосымша
COVID-19 таралуының алдын алу мақсатында профилактикалық
дезинфекциялау іс-шараларын жүргізу алгоритмі
I. Жалпы талаптар
1. COVID-19 ошақтарында қорытынды дезинфекцияны қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер үйлерінде, балалар үйлерінде, интернат үлгісіндегі оқу орындарында жағдайлар тіркелген кезде ҰСО филиалдары жүргізеді..
2. CОVID-19 ошақтарындағы ағымдағы дезинфекциялау науқастың немесе онымен бірге тұратын адамдардың күшімен жүргізіледі.
3. Профилактикалық өңдеу осы қаулымен бекітілген алгоритмдерге сәйкес жүргізіледі.
ІІ. Қорытынды дезинфекция
4. Дезинфекция жүргізу үшін Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген және қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізіліміне енгізілген құралдар қолданылады.
5. Қорытынды дезинфекциялау үшін вирусқа қарсы тиімділігі бар құралдар қолданылады.
6. Дезинфекциялау құралдары оларға қоса берілген вирустық инфекциялар кезінде дезинфекциялау режимдері көрсетілген нұсқаулықтарды қатаң сақталған жағдайда қолданылады.
7. Дезинфекциялау құралдарының жұмыс ерітінділерін дайындау арнайы бөлінген орында жүзеге асырылады. Дезинфекциялау құралдары өнім берушінің ыдысында (қаптамасында) заттың атауы, оның мақсаты, заттаңбадағы жарамдылық мерзімі көрсетіле отырып сақталады. Ыдыстағы заттаңба дезинфекциялау құралын сақтаудың (пайдаланудың) бүкіл кезеңінде сақталады.
8. Дезинфекциялау құралдарын бөгде адамдарға беруге және оларды қараусыз қалдыруға жол берілмейді.
9. Дезинфекциялау құралдары мамандандырылған автокөлік құралдарымен немесе қауіпті жүктерді тасымалдауға бейімделген басқа да көлік құралдарымен тасымалданады.
10. Дезинфекцияны (өңдеуді) мынадай:
- тері жамылғысын (қорғаныш халат, қолғап);
- тыныс алу ағзаларын («В» маркалы патроны бар РПГ-67 немесе РУ-60М типті әмбебап респираторлар);
- көзді (герметикалық қорғаныш көзілдірік);
- аяқты (бір рет қолданылатын құралдар немесе резеңке етіктер) қорғайтын жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып жүргізу қажет.
11. Дезинфекциялау құралдарымен жұмыс істеуге денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ кәмелетке толған адамдар жіберіледі. Дезинфекциялау құралдарымен (дезинструктор, дезинфектор) жұмыс істеуге тартылатын мамандардың дезинфекциялау бойынша даярлығы және жұмысты қауіпсіз жүзеге асыру мәселелері бойынша нұсқамасы болуы тиіс.
ІІІ. Ағымдағы дезинфекция
12. Ағымдағы дезинфекция күн сайын жүргізіледі.
13. Өңдеу кезінде маска мен қолғапты қолдану керек.
14. Өңдеу келесі түрде жүзеге асырылады:
1) есік тұтқаларын сабынмен жуып, кемінде 70% спирт негізіндегі антисептикпен сүрту қажет;
2) ажыратқыштарды кемінде 70% спирт негізіндегі антисептикпен сүрту;
3) терезе алды тақтайлары, шкафтар, жиһаздар (матамен және жұмсақ кеуекті материалмен қапталмаған бөліктер) және өзге де қатты беттерді сабынмен жуу немесе спирт негізіндегі антисептикпен сүрту;
4) компьютерлердің клавиатурасын кемінде 70% спирт негізіндегі антисептикпен сүрту;
5) асүй үстелшелерін әрбір пайдаланғаннан кейін тұрмыстық химия құралдарын қолдана отырып жуу және кемінде 70% спирт негізіндегі антисептигі бар салфеткамен сүрту қажет;
6) тұрмыстық техника: панельдер мен басқару пульттерін кемінде 70% спирт негізіндегі антисептигі бар сулықтармен сүрту;
7) араластырғыштарды, раковиналарды ыстық сумен мұқият жуу қажет тұрмыстық химия құралдарын қолдана отырып жуу қажет;
8) дәретхананы (унитаз, ванна, душ кабинасы, биде) хлор негізіндегі тұрмыстық химия құралдарын пайдалана отырып, соңғы кезекте өңдеу.
15. Ағымдағы дезинфекция аяқталғаннан кейін пайдаланылған сулықтар, маскалар мен қолғаптар бөлек пакетке салынып, тығыз және герметикалық түрде жабылып, қоқысқа тасталуы керек.
Бас мемлекеттік санитариялық
дәрігерінің
2022 жылғы 25 наурыздағы
№ 16 қаулысына
5-қосымша
Пенитенциарлық (қылмыстық-атқарушы) жүйе мекемелерінде
COVID-19-дың таралу тәуекелін азайтуды сақтау алгоритмі
1. ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың туыстарымен белгіленген тәртіппен ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер өткізуіне мынадай талаптар сақталған жағдайда рұқсат етіледі:
1) ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің, арнайы контингенттің және олардың туыстарының қысқа мерзімді кездесулерді беру кезінде маска кию режимін сақтауы;
2) ҚАЖ мекемелерінің ұзақ кездесулер бөлмелерінде вирустық инфекциялар кезінде өңдеу режимі бойынша рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күніне 2 реттен сиретпей, кейіннен желдету және кварцтау арқылы тұрақты жинау жүргізу.
2. ҚАЖ мекемелерінің объектілерінде, оның ішінде қабылдау бөлмелерінде, жиналу бөлімшелерінде вирустық инфекциялар кезінде өңдеу режимі бойынша рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, кейіннен желдету және ауаны зарарсыздандыру арқылы күніне 2 реттен сиретпей ағымдық жинауды тұрақты түрде жүргізуді қамтамасыз ету.
3. CОVID-19 сырқаттанушылығының тіркелу деңгейі жоғары өңірлерде (қызыл аймақта) мынадай санаттарды:
- мекеме қызметкерлерін;
- этаппен тасымалдауға жататын адамдарды;
- ҚАЖ, ІІМ мемлекеттік мекемелерінде және мекемелерден тыс ұйымдардағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердің ревакцинация алғанын немесе екінші компонентті алғаннан кейін 6 айдан аспайтын уақыт өткен кезде COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алғанын растайтын құжатты алған сотталғандарын (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда және COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды соңғы 6 айда қоспағанда);
- осы қосымшаның 1-тармағының талаптарын сақтай отырып, ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдармен ұзақ және қысқа мерзімді кездесуге келгендер;
- осы қосымшаның 4-тармағын сақтаған кезде адвокаттарды (қорғаушыларды), тергеушілерді қоспағанда, ҚАЖ мекемелеріне кіруді және шығуды (кіруді және шығуды) тоқтата тұру.
4. Дезинфекциялау құралдарының, бактерицидті шамдардың, жеке гигиена құралдарының, тыныс алу ағзаларының жеке қорғаныш құралдарының (маскалар, респираторлар), медициналық термометрлердің және басқа да материалдық ресурстардың қорын ұстауды қамтамасыз ету.
5. Тұрғын отрядтарда, камераларда, тамақтану объектілерінде, өндірістік учаскелерде, жұмыс орындары мен қызмет атқару орындарында жеке гигиенаны сақтау үшін жағдай жасауды қамтамасыз ету.
6. ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің, қызмет көрсетуші персоналдың және арнайы контингенттің маска кию режимін сақтауын қамтамасыз ету.
7. ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің арнайы контингентті қабылдау кезінде жеке қорғаныш құралдарын (маска, қолғап, көзілдірік) киюін қамтамасыз ету.
8. ҚАЖ мекемелеріне келіп түсетін барлық адамдардың, сондай-ақ мекеме шлюзіне кірер алдында ілесіп жүретін адамдар мен жүргізушілердің денесінің температурасын өлшеуді және сұрау алуды қамтамасыз ету.
9. Монша-кір жууды қамтамасыз етуді, тамақтануды, өндірістік қызметті ұйымдастыру кезінде жергілікті секторларда тұратын сотталғандар ағынының қиылысуын азайту.
10. Ортақ пайдаланылатын және адамдар жиналатын орындарда (асханалар, БПК, өндірістік учаскелер, тамақ өндірісі, дүкендер және басқа да объектілер) дезинфекциялық режимді күшейту. Дезинфекциялау құралдарымен ылғалды жинау жүргізу жиілігін арттыру, бактерицидті сәулелендіргіштерді пайдалану. Түстенетін залдарды (үстелдер, орындықтар, едендер) тамақтанатын сотталған адамдардың әрбір ауысымынан кейін дезинфекциялау құралдарымен жинау жүргізу.
11. Әкімшілік ғимараттарға, мекемелердің аумағына кіретін есіктерді тері антисептиктерімен жабдықтау, міндетті түрде пайдалануды қамтамасыз ету.